Құралай Байтажикова

«МЕКТЕП ӨМІРГЕ ҮЙРЕТПЕЙДІ, МЕКТЕП – ӨМІРДІҢ ӨЗІ»

Астанадағы №1 BINOM SCHOOL мектебінің ұжымын ұлағатты ұстаз, білікті басшы, шебер ұйымдастырушы Құралай Амангелдіқызы Байтажикова басқарып отыр. Құралай Амангелдіқызының 32 жылдық педагогикалық жұмыс өтілі бар, соның соңғы 13 жылында мектеп директоры болған тәжірибелі басшы. Сіздердің назарыңызға Құралай Амангелдіқызының BINOM мектебінің миссиясы, мұғалімнің қоғамдағы рөлі, мектеп ұжымы алдында тұрған мақсаттары мен күтілетін нәтиже жайлы сұқбатты ұсынамыз. 

– Құралай Амангелдіқызы, қайырлы күн! Әңгімені ұстаздыққа келу жолыңыздан бастасақ? Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?

– Қазір мұғалімдік мамандықты насихаттауда «кезінде өзің армандаған ұстаз бол!» деген үндеу бар. Ал менің жағдайымда ұстаздарым өте жан-жақты тұлға болғаны соншалықты, мен оларға еліктеп, үлгі тұтып өстім. Қашанда зор мақтанышпен «Мен тамаша ұстаздардың алдын көрдім» деп санаймын. Қиындығы мен қызығы мол бұл жолды таңдауыма сол ардақты ұстаздарымның ықпалы зор болды деп толық сеніммен айта аламын.

– Сіздің ойыңызша, бүгінде ұстаз беделді мамандықтар қатарына кіре ме?

– Бұл сөзсіз нәрсе. Басқаша болуы да мүмкін емес. Беделсіз болғанын байқап жатсақ, ол тағы да өз кінәмізден.

Маған Абай атамыздың «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деген сөзі қатты ұнағаны сондай, өзіме ұстаным етіп алғанмын, себебі бала тәрбиесінде отбасы институтының ықпалы әлсіреп тұрған шақта, ұстаз беделі зор болмаса, балаға кім шамшырақ болады? Ұстаз – тұлға қалыптастырушы! Жақсылық пен ізгілікті себуші – ұстаз! Сол себепті өз басым ұстаздықты ең беделді мамандық деп санаймын.

– Заманауи кітап авторларынан кімдерді оқуға кеңес бересіз?

– Мұғалімдерге оқуға ұсынатын ТОП-5 кітабым:

  1. «Гибкое сознание», Кэрол Дуэк;
  2. ⁠«Эмоциональный интеллект ребенка», Джоан Деклер, Джон Готтман;
  3. ⁠«Искусство объяснять», Ли ЛеФевер;
  4. ⁠«Как говорить с детьми, чтобы они учились», Элейн Мазлиш, Адель Фабер;
  5. «Обучение как приключение. Как сделать уроки интересными и увлекательными», Дэйв Берджес.

Директорларға ұсынатын үздік 5 кітабым:

1.«Финская система обучения: Как устроены лучшие школы в мире», Тимоти Уокер;

  1. «Как сделать школу лучше, или Социальный капитал как приоритет», Ушаков К.М;
  2. «Миссия выполнима: как повысить качество образования в школе», Куксо Е.Н;
  3. «Мышление лидера», Расмус Хугард, Жаклин Картер;
  4. «Лидер и племя», Джон Кинг и Дэйв Логан.

– Қалай ойлайсыз, қазіргі жастарды кітап оқуға қалай қызықтыруға болады?

– Кітап оқуға қызықтыру өте үлкен шыдам мен сабырды, өз тарапымыздан үлгі болуды, қажырлылықты талап етеді.

Баламыз кітап оқымайды деп наз айтудан бұрын, ең бірінші, өз-өзімізге мына сұраққа жауап берейік: бізді балаларымыз кітап оқып отырғанымызды көп көре ме әлде смартфонда әлеуметтік желіде отырғанымызды көп байқай ма? Егер бірінші жауап болса, онда алаңдамасаңыз болады. Балаңыздың да көп ұзамай кітап оқи бастауы ғажап емес. Себебі бала әке-шешесіне еліктеп өсіп, солар секілді болуға тырысатындығы заңдылық.

Екінші жауап болса, онда, әрине, өкінішті. Өзіңіз кітап оқуды бастауыңыз шарт. Үйде түрлі жанрдағы (фикшн, фэнтези, тарих, психология, классика) кітап болуы тиіс.

Зерттеулерге сүйенсек, 3 жасар баланың жасына сай 15-ке жуық кітабы болу керек. Ал Сізде қанша кітап бар? Сол сұрақты өзіңізге қойыңыз. Онымен қоса, кітап әдемі болып сөреде жиналып тұрғаннан гөрі, әр жерде жатқаны жөн. (жатын бөлмеде, ас бөлмеде, төсегінің жанында). Отбасы мүшелері жиналып отырғанда, оқыған әрі ұнаған кітаптан үзінді келтіріп, қызық тұстарын әңгімелеп отыру керек.

– Ұстаздық жолында жүргеніңізге 30 жылдан астам уақыт өтіпті. Осы уақытта жас ұстаздармен бөлісе алатын басты кейсіңізді айтсаңыз?

– Бөлісетін кейс миллион. Бірақ, ұстаздық, директорлық жолымда 100% көзім жеткен маңызды принцип бар. Сонымен бөлісейін. Егер оқушының бастапқы білімі, т.б деңгейіне тәуелсіз, одан жоғары нәтиже күтсеңіз, оның Сіз күткен нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі жоғары. Оқушының мүмкіндігін жоғары бағалайық және соған жетелейік!

– Сіздің ойыңызша, директорлардың қандай түрлері болады?

– Бір бала қабырғаға «жаман сөз» жазып кетті делік. Түрлі директор әртүрлі әрекет етеді:

«Директор-педагог» қабырғаға жаман сөз жазған баланы көрсе, оған әрекетінің бұрыстығы туралы лекция оқиды. «Директор хозяйственник» ата-анасын шақыртып, қабырғаны боятады. Көшбасшы директор – ең тентек деген оқушы да ондай тентек әрекетке бармайтындай етіп, қабырғаны әдемі жасайды.

– Білуімізше, Сіз мектеп ұжымын басқаруымен қатар мұғалімдерге арналған түрлі шаралардың спикерісіз, BINOM LEADERS жобасының менторысыз, әдебиеттер оқуға да уақыт табасыз, қазіргі кезде жеке телеграм каналыңызды да жүргізесіз. Құпияңызбен бөліссеңіз, осы істің бәріне қалай үлгересіз, осыған жететін уақыт пен күш-қуатты қайдан аласыз?Өміріңізде бір рет болса да «мен ұстаздықтан шаршадым» деген ой мазалады ма немесе мамандығыңыздан көңіліңіз қалған кездер болды ма?

– Кез-келген адам өзінің жасап жатқан жұмысынан мән-мағына көрсе, энергия алса, жұмысынан шаршамайды. Кездескен қиындықтардың бәрін еңсереді. Әр жұмыста өз «кедергілері» болады. Бұл «кедергілер» сәл болса да, шаршататынын білеміз. Біз «финишті», яғни миссиямызды, көріп тұрмыз. Сол «кедергілерді аттап, жүгіріп өтем» деген қағиданы ұстану керек. Себебі мақсат-мұраты анық емес адам кез келген қиындықтан шаршайды. Ал мен өз жұмысымнан зор мағына көремін. Миссиямды анық білемін. Көп нәрсені өзгерте алатынымды білемін. Балалардың тағдырына өзгерістер енгізе алатынымды білемін, ұстаздар немесе ата-аналарды қолдай алатынымды сеземін, сол маған көп күш береді. Бастысы – отбасымның, жақындарымның қолдауы. Дұрыс жолда келе жатқаныма әрқашан көз жеткізеді, қолдауын көрсетеді, содан энергия аламын. Энергиям азайып кетсе, пайда әкеле алмайтынымды, өнімді бола алмайтынымды түсінемін. Өнімді болуым үшін энергияны қалай толықтыруым керек, ресурстарды қайдан алуым керек, соны зерттеген болатынмын. Кейде мен энергияны бос уақытты отбасыммен өткізгеннен, кейде музыкадан, ал кейде табиғатта демалудан және т.б. аламын.

– Мектеп директоры өз өзін қалай дамыту керек?

– Өзім үшін директордың бес даму нүктесін анықтап зерттедім.

Бірінші даму нүктесі: өз-өзіңе сұрақ қою. Директорлық мен үшін мансап пен лауазым ба әлде миссия ма? Директорлықты мансап ретінде көрсеңіз, онда әр кездескен проблема, сәтсіздіктер сізді шаршатып, энергияңызды құртады. Ал директорлықты миссия деп тапсаңыз, әр кедергі мен қиындықты сізді миссияға жеткізетін жол деп танисыз. Шаршамайсыз!

Екінші даму нүктесі: команда құру. Бір-бірін толықтыра алатын команда құру маңызды. Бастапқы кезде команданы басқарасыз, кейін сенімділіктің жоғары болуынан тек сүйемелдеп отырсаңыз болғаны.

Үшінші даму нүктесі: позитивті басқару. Позитивті басқару команданы кез-келген міндетті орындай алатынына сенімін өшіріп алмау.

Төртінші даму нүктесі: өзін-өзі дамыту. Директорлық мансапқа қол жеткізген соң көптеген әріптестеріміз «комфорт зонаға» кіріп алады.Дамудың шегі жоқ. Оқушыларға, ұстаздарға өзін-өзі дамытудың үлгісін директор көрсетпесе, кім көрсетеді.

Директордың бесінші даму нүктесі: Көшбасшылық. Мектеп директоры өзі көшбасшы болып қана қоймай, басқаларды көшбасшылық деңгейге көтереді. Әр әріптесінің потенциалын байқай алады, дамытады.

– Құралай Амангелдіқызы, уақыт тауып, өз тәжірибеңізбен бөлісіп, бізбен сыр шерткеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Отбасыңыз аман, еңбегіңіз жемісті болсын. Рақмет!

Ең мықты директор – өзінің мұғалім болғанын ұмытпаған адам.

Ең мықты мұғалім – өзінің оқушы болғанын ұмытпаған адам.